06.10.2021

ҚР Президенті Архивінің кітапхана қоры жаңа туындылармен толықты

ҚР Президенті Архивінің кітапхана қоры үстіміздегі жылы жарыққа шыққан жаңа туындылармен толықты. Архивке сыйлыққа Жезқазған қаласының мемлекеттік архиві ұжымынан елімізге еңбегі сіңген Төлеген Бүкіров, Сүтемген Бүкіров және Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолдары туралы кітаптар келіп түсті.
Қазақстанның Құрметті металлургі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері, техника ғылымдарының кандидаты, Төлеген Бүкіров өзінің «Талайлы тағдыр баяны» атты кітабында кен орнындағы қызметі, өндіріс саласының майталмандары туралы естеліктерімен бөліскен.
Жезқазған қаласының мемлекеттік архиві құрастырған «Тұғыры биік тұлға» атты суретті-құжатты альбомы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Музей Ата» атанған халық мұрасының қамқоршысы, өлкетанушы Сүтемген Тақабайұлы Бүкіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған. Альбомда өңір тарихына қатысты құнды деректер жарияланған.
С.Т. Бүкіровтің «Жезқазғаным менің» атты тарихи очерктер жинағында Жезқазған-Ұлытау өңірі тарихы, оның қайраткерлері туралы ғылыми танымдық мақалалар енгізілген.
Дәстүрлі «XVIII-ші Бүкіров оқулары» аясында өткен «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдар жинағы ұлттық рух пен патриотизм туралы, өлке тарихының өзекті мәселелері, археологиялық қазба жұмыстарының зерттелуі, тарихи ескерткіштердің жай-күйі жайында, ішкі туризмді дамыту туралы ой қозғайды. Конференция материалдарында ҚР Президенті Архивінің бас сарапшысы Ә.Т. Сүлейменованың «Жеке тектік құжаттар және олармен жұмыс жүргізудің ерекшеліктері» атты баяндамасы жарияланған.

Тағы бір басылым «Өлке тарихы – халық тарихының арнасы» атты С.Т. Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген жас өлкетанушылар конкурсының қатысушыларының мақалалар жинағы. Құрастырған ф.ғ.к. Ғ. Ештанаев.
Сонымен қатар Қ.Ж. Әуезов құрастырған «Бүкіров Сүтемген Тақабайұлы: ғылыми-танымдық және публицистикалық еңбектерінің биобиблиографиялық көрсеткіші» де кітапхана қорын толықтырды.
С.Т. Бүкіровтің «Біздің Қаныш Имантайұлы. Наш Каныш Имантевич» атты естеліктер кітабы көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері, академик Қ.И. Сәтбаев және ол туралы оның замандастарының, ғалымдар мен жазушылардың, жерлестерінің естеліктер жинағы.
Сондай-ақ Архивке Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінен «Тағзым. Отты жылдар ерлеріне бас иеміз!» атты 1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық альбом сыйға берілді. Басылымда аталған соғыс жылдарындағы маңғыстаулықтардың жорық жолдары, тыл еңбеккерлерінің еңбегі туралы тың деректер берілген. Альбом 2019 ж. «Киізкітап» баспасында басылған, құрастырған ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, архив қызметінің ардагері Қ. Қаражанұлы.
Аталған кітаптармен ҚР Президенті Архивінің кітапханасында танысуға болады.