27.05.2021

«Генералы Великой степи» (Ұлы дала генералдары) энциклопедиясының тұсаукесері

2021 жылғы 27 мамырда «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен бірлесіп «Генералы Великой степи» (Ұлы дала генералдары) энциклопедиялық анықтамалығының тұсаукесер рәсімін өткізді. Басылым Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің 20 жылдығына орайластырыла өткізілді. Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында 1941–1945-жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, генерал-лейтенант К.А. Максимовтың (1917–2006) жесірі Тамара Александровна және әділет генерал-майоры, «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тұңғыш төрағасы Р.Е. Қайдаровтың (1940–2019) жесірі Аймен Жексембайқызы және т. б. болды. Іс-шараны аша отырып, ҚР Президенті Архивінің директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екендігі атап көрсетілгендігін айтып өтті. Архивте 150-ден астам мемлекеттік, қоғамдық және саяси қайраткерлердің жеке қорлары сақтауға алынған, олар өз кезегінде Қазақстан тарихын толықтырып, байыта түсетін бай қазына. Олардың қатарындағы 1941–1945-жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бәйкен Әшімов, Сұлтан Жиенбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және Қазақстан Тәуелсіздігі тұсындағы әскери басшылар Мұхтар Алтынбаев, Абай Тасболатов, Нұрлан Ермекбаев және т. б. бар.

«Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор М.Ө. Телегусов Қазақ хандығы кезеңіндегі батырлар мен Қазақстанның кеңестік және Тәуелсіздік кезеңіндегі генералдар мен қолбасшылар қатарындағы 700-ден астам әскери жетекшілердің өмірбаяндық деректері берілген энциклопедия туралы баяндады. Қазақстан халқы Отанға деген сүйіспеншіліктің, халқына адал қызмет ету мен нағыз патриоттықтың үлгісі болып саналатын еліміздің ардақты ұлдарын мақтаныш етеді. Олар өз өмірлерінде рухани жігерлілік, патриотттық және жанқиярлық күштерін көрсетті, Қазақстанның әскери қуаты мен қауіпсіздігін нығайтты, ел келешегін кемелді етуге үлестерін қосты, жарқын болашақтың гүлденуінің негізін қалап берді. Қазіргі таңда халық зердесін сақтауға үлкен көңіл бөлінуде. «Генералы Великой степи» энциклопедиясының жарыққа шығуы Қазақстан тарихы, біздің Отанымыздың әскери тарихы бойынша тың деректердің көпшілікке, әсіресе жастарға қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Іс-шараға «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.