15.09.2022

Оқушылар отбасының тарихын зерттеу үшін Архивке қадам басты

Балалар жылы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві тарапынан «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмыстарының байқауы ұйымдастырылуда. Конкурстың мақсаты – балаларды өз отбасының тарихы арқылы ел тарихын тануға бағыттау, тарихи фактілерді, отбасылық дәстүрлерді іздеуге баулу.

Конкурсқа қатысушыларға әдістемелік көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде зерттеуші Р.Р. Шаяхметовпен кездесу ұйымдастырылып, оған Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері мен 7–10 сынып оқушылары шақырылды.

Ринат Шаяхметов – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған (1946–1954) Жұмабай Шаяхметовтің немересі және биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві тарапынан дайындалып, жарияланған «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» құжаттық жинағының құрастырушыларының бірі.

Кездесу барысында, Ринат Равильұлы ғылыми-зерттеу жұмысында отбасы архивінің алатын орны ерекше екенін айта келе, өзінің көпжылдық отандық және шетелдік архивтердегі жұмыс тәжірибесіне, отбасы тарихын зерттеу саласындағы зерттеу жұмыстарының әдіс-тәсілдеріне тоқталды. 

Байқауға қатысушылар құжаттармен жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оларды талқылады. Сондай-ақ кездесуде Ринат Равильұлы Шаяхметовтер отбасы архивінің материалдары және Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттарына негізінде қатысушыларға Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен мемлекеттік қызметі туралы айтып берді.

«Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмыстарының конкурсы Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлесіп, жалпы білім беретін мекемелер оқушыларының зияткерлік және тұлғалық даму, олардың тарихты зерделеу саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістері мен тәсілдерін меңгеру, жастарды Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, отандық тарих, туған жер, отбасы тарихы бойынша құжаттық деректерді зерттеу мен сақтауға тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Конкурстың қорытындысы 2022 жылдың 19-21 қазанында Алматы қаласында өтетін Халықаралық архившілер Конгресі аясында шығарылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде өткен кездесуден естелік ретінде барлық қатысушыларға «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» құжаттық жинағы сыйға берілді. Аталған басылым оқушылардың конкурстық жұмыстарды дайындауына көмегін тигізетініне сенімімізді білдіреміз.