19.11.2021

М.Қ. Қозыбаевтың 90 жылдығына орай

2021 жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасы Ғылым Ордасында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың және Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты, Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Академик М.Қ. Қозыбаев және отандық тарихтың заманауи концептуализациясы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Өткізілген шара аясында «Историк в меняющемся мире. Тарихшы және оның заманы» (Алматы: «Раритет» баспасы, 2021. Құрастырушылар: І.М. Қозыбаев, Ш.О. Түлеуова). құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесері болып, оған Архив директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова қатысты.

Аталған шараға ҚР Президентінің Архивінде сақталған М.Қ. Қозыбаевтың жеке қор құжаттары бойынша әзірленген тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.
Сонымен бірге, осы күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен М.Қ. Қозыбаевтың 90 жылдығына арналған «Ұлттық тарих тамыршысы» атты тарихи-танымдық шара өтіп, оған ҚР Президенті Архивінің Жинақтау және құжаттама басқармасының басшысы Ж.С. Зейнелов Архивтің қорқұрушысы М.Қ. Қозыбаевтың жеке қор құжаттары бойынша баяндама жасап, шараға қатысушыларды тарихи-құжаттық көрмемен таныстырды.