03.10.2022

Ұлт ұстазы

2022 жылдың 30-шы қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған «Ұлт ұстазы» атты әдеби-шығармашылық кеш өткізілді. Әдеби-шығармашылық кеш барысында ҚР Орталық мемлекеттік музей қорындағы А. Байтұрсынұлына арналған көрмесі ұйымдастырылып, ахметтанушы ғалымдар мен талантты ақындар, танымал жұлдыздар қатысты. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман әдеби-шығармашылық кештің ашылу рәсімінде сөз сөйледі.

Кеш аясында ҚР Президент Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Рамазанқызы Нұрымбетова «Ахмет Байтұрсынұлы – архив құжаттарында» атты тақырыпта баяндама жасап, архив құжаттарының маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ ҚР Президент Архивінің қорларында сақталған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттардың құңдылығына баса назар аударды.