07.04.2021

"Байқоңыр ғарыш айлағы" атты дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ағымдағы жылдың 7 сәуірі күні адамзаттың ғарышқа алғаш ұшқанына 60 жыл толуына орай «Байқоңыр ғарыш айлағы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылды, бейнеконференция байланысы Нұр-Сұлтан, Екатеринбург (Ресей), Алматы және Қарағанды қалаларынан қатысушыларды біріктіруге мүмкіндік берді. 1961 жылдың 12 сәуірінде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағынан алғаш рет адамзаттың ғарышқа ұшуы жүзеге асырылды. «Восток-1» кемесінің бортында Юрий Алексеевич Гагарин болды. Бұл оқиға бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып, Юрий Гагариннің аты аңызға айналды. 1961 жылдан бері 40 шақты мемлекеттен 560-тан аса ғарышкерлер мен астронавттар ғарышқа сапар шеккен. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі: Тоқтар Әубәкіров (1991 ж.), Талғат Мұсабаев (1994, 1998, 2001 жж.) және Айдын Айымбетов (2015 ж.) бар. Байқоңырдан 150-ден аса басқарылатын ғарыш кемелері, үш мыңнан аса зымыран тасығыштар ұшырылған. Бүгінде әлемдегі 25 ғарыш айлағының тек 4-еуі ғана басқарылатын ғарыштық ұшырылымдарға арналған: Байқоңыр (Қазақстан), Кейп Канаверал және Кеннеди атындағы ғарыш орталығы (АҚШ), Цзюцюань (Қытай). Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында арнайы мемлекеттік комиссия жаңа зымыран полигонын салудың нұсқалары ретінде Мари АССР, Дағыстан, Астрахан және Қызылорда облыстарындағы аймақтарды қарастырғанын атап өтті. Техникалық-экономикалық есептеулер мен талдаулардың қорытындысы негізінде, кеңестік зымырандар құрылысының бас конструкторы С.П. Королевтің ұсынысымен Қызылорда облысындағы Төретам өңірі таңдап алынды. Ғалымның негізгі дәлелі бойынша ұшыру алаңы экваторға неғұрлым жақын болса, зымырандарды ғарышқа шығару үшін Жердің айналу жылдамдығын пайдалану соғұрлым ыңғайлы болады. Бүгінде Байқоңыр – әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Байқоңыр – бүгінде ең ірі халықаралық жоба: Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы, ғарыш айлағы арқылы Халықаралық ғарыш станциясына қызмет көрсетіліп, әлемнің көптеген елдерінің ғарыш аппараттарын ұшыру жүзеге асырылады. Іс-шараға мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар, ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары, мұғалімдер мен жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қатысты. Адамзаттың ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығын әлемнің көптеген елдері кеңінен атап өтуде. Ресейлік архившілердің ғарыш тарихына деген көзқарастары да ерекше. Свердлов облысының қоғамдық ұйымдарының құжаттама орталығының директоры А. А. Гагарин ағымдағы жылдың 1 сәуірінде Екатеринбург қаласында Свердлов облысының қоғамдық ұйымдарының құжаттама орталығында Ресей мен Қазақстан архивтерінің құжаттары ұсынылған «Урал – Казахстан: след в открытом космосе» атты халықаралық көрменің ашылуы өткенін айтты. Сонымен бірге, ол қазақстандық әріптестеріне Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорларынан ұсынылған құжаттар үшін алғысын білдірді.

Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығының атынан дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастығының орынбасары Т.В. Барышникова құттықтау сөз сөйледі. Ол осы мерейтой күндері Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей Ғылым және мәдениет орталығында Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы өкілдігі мен Мәскеу космонавтика мұражайы дайындаған «Наш Гагарин» көрмесі қойылып жатқанын айтты. Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің директоры Ж.Ж. Тұрсынова архив қорларында жинақталған ғарыш бойынша тақырыптық топтамалар туралы айтып берді. Қарағанды облысының аумағында ғарыштық ұшырулар аяқталып, осы жерге ғарышкерлер қонады. Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатының жеке тектік қорларында алғашқы іздеу жасақтарының тарихы сақталған. Ғарыштық сынақтарға байланысты жаңа мәліметтер мен адамдардың есімдері мақалалар мен деректі фильмдердің негізіне айналды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының профессоры Ө.Т. Қасымов және В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты директорының ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Р.Р. Валиуллин өз баяндамаларында ғарышкерліктің қазіргі жағдайы туралы ғылыми жағынан айтып берді. Ғалымдар өз презентацияларында әлемдегі және Қазақстандағы ғарыштық технологиялардың жетістіктері мен мәселелері туралы мәліметтерді ұсынды. Ғарышкерлер күні қарсаңында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Президентінің Архиві мен Алматы қаласы мұражайларының бірлестігі «Байқоңыр ғарыш айлағы» тарихи-құжаттық көрмесін бірлесіп дайындады. Архив директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова бірлестік басшысы Ә. М. Үмбеталиевке көрмеге ұсынылған экспонаттар үшін алғыс білдірді. Байқоңыр ғарыш айлағының тарихын баяндайтын бірқатар құжаттар мен фотосуреттер алғаш рет қойылып отыр, оларда әлемдік ғарышкерлік тарихының негізгі оқиғалары туралы жаңа танымдық деректер бар. Көрменің электрондық нұсқасы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің сайтындағы виртуалды көрмелер бөлімінде ұсынылған.

Космонавтиканың мерейтойлық күндерінде алматылық жоғары сынып оқушылары үшін онлайн форматта «Байқоңыр ғарыш айлағы» мектеп сабақтары ұйымдастырылады, онда балалар қызықты архив құжаттарымен және Алматы қаласы музейінің экспонаттарымен таныса алады (мектеп мұғалімдерін біздің жобаға қосылуға шақырамыз, анықтама телефоны 264-26-75). Дөңгелек үстел соңында Алматы қаласының І. Есенберлин атындағы №25 гимназияның 5-сынып оқушысы Анисимова Радмила Олжас Сүлейменовтің «Земля поклонись человеку!» поэмасынан үзінді оқыды. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринге арналған атақты өлең жолдары «Казахстанская правда» газетінде 1961 жылдың 16 сәуірінде алғаш рет басылып шыққан еді.