04.05.2022

«Тәуелсіз ел әскері: Міндет. Абырой. Ерлік» дөңгелек үстелі

2022 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіз ел әскері: Міндет. Абырой. Ерлік» дөңгелек үстелі өтті. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырдағы №745 ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған болатын. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері өзінің құрылған сәтінен бастап 30 жылдық қалыптасқан тарихында жауынгерлік рух пен дәстүрдің тарихи болмысын сақтай отырып, өз әлеуетін арттыру жолында қарқынды дамып жатыр. Дөңгелек үстелдің қатысушылары Архивтің құжаттарымен дайындалған тақырыпқа сай тарихи-құжаттық көрмемен танысты. Көрмеге Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің нормативтік-құқықтық актілері, Қарулы Күштердің жоғары командалық құрамының ресми хат алмасулары т.б маңызды құжаттар қойылды. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы армиясының генералы, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың жеке қорынан алынған құжаттар көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара аясында Архив пен ҚР ҚК Әскери-тарихи музейі бірлесіп дайындаған «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының тұсаукесері өтті. Басылымға 120 архивтік құжаттар мен 40 фотоқұжаттар ұсынылған, олардың басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр. Жинаққа Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Архивінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық архивінің қорларынан құжаттар енгізілген. Дөңгелек үстелдің жұмысына Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің ардагерлері, ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің өкілдері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты мен радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының оқытушылары мен курсанттары, сондай-ақ Алматы көпсалалы колледжінің «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері қатысты.