03.11.2021

ХХ ғ. 20−50 жж. жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелеріне арналған конференция өтті

2021 ж. 2 қарашада Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «ХХ ғ. 20−50 жж. Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері: отандық және халықаралық тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ҚР ҰҒА өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсенің басшылығы, Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының жетекшілері мен мүшелері, аталған мәселе төңірегінде ұзақ жылдар зерттеулер жүргізіп жүрген тарихшы ғалымдар, ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында ҚР Президенті Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы М.Т. Жылгелдинов «ХХ ғ. саяси қуғын-сүргін мәселесін зерделеудегі Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметі қызметі» тақырыбындағы баяндамамен сөз сөйледі. Сонымен қатар Архив қызметкерлері А.Ә. Сейсенбаева мен Р.М. Мырзақұлова шараға қатысушыларға архив құжаттары негізінде дайындалған «ХХ ғ. саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тарихы архив құжаттарында» тарихи-құжаттық көрмесінің материалдарымен арнайы таныстыру өткізді. Кез келген архив мекемесі секілді ҚР Президенті Архивінің ғылыми-іздестіру жұмыстарының, құжаттарды ғылыми жариялау қызметінің бағыты оның қорларында сақтаудағы құжаттардың құрамы мен мазмұнына тікелей байланысты. Осы орайда өзінің қорларында Қазақстан Коммунистік партиясының архивтік қорының құжаттарын сақтап отырған ҚР Президентінің Архиві ХХ ғ. Қазақстанның саяси тарихын зерттеу мәселесіне өзіндік үлесін қосып келеді. 1990 жылдардан бастап Архив өз қорларында сақтаудағы құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, олардың негізінде жарияланымдар дайындау, құжаттық жинақтар шығару жұмыстарымен белсенді түрде айналысып бастады. 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданғаннан кейін 1994 ж., сонымен қатар 2004–2008 жж. архив құжаттарын құпиясыздандыру бойынша Ведомствоаралық комиссия жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті қорының 1937–1991 жж. аралығын қамтитын 40 мыңнан аса істері құпиясыздандырылды. Осы құжаттар негізінде серіктес мекемелермен бірлестікте «Грозный 2016», «Движение Алаш», «Политические репрессии в Казахстане в 1937–1938 гг.», «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1931–1933 гг.» , «Из истории депортаций» құжаттық жинағының 1930–1945 жж. аралығын қамтитын 3 кітабы, «Трагедия казахского аула» жинағының 1928–1932 жж. қамтитын 2 кітабы, «Рассекреченная война. Особые папки» 1941–1945 гг., «История Отечества в судьбах его граждан: сборник автобиографий. 1922–1960 гг.» жинақтары дайындалды. Сонымен қатар ХХ ғ. басындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, О. Жандосов, Д. Керімбаев және тұлғалардың өмірі мен қызметіне арналған басылымдар шығарылды.

Аталған жинақтардан бөлек ҚР Президентінің Архиві «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: әдебиеттер, деректер және мәліметтер базасы» және «1930–1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық» ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындарының құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Архив 2015 ж. қаңтарында «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: әдебиеттер, деректер, мәліметтер базасы» ғылыми-зерттеу жобасын қолға алған болатын. 2015 ж. мамырында жоба аясында www.tutkyn.kz веб-сайты іске қосылды, онда қазақстандық әскери тұтқындардың тізімі бар республикалық деректер базасы орналастырылды. Жобаны жүзеге асыру барысында осы мәселе төңірегінде ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан ғалымдар, тарихшылар мен зерттеушілерден құралған Ғылыми кеңес құрылып, әртүрлі дерек көздерінен архив құжаттары, мақалалар мен естеліктер жинақталды. Қазіргі уақытта республикалық деректер базасына 36 мыңнан аса қазақстандық әскери тұтқындардың есімдері енгізілген. 2015 ж. мамырында Германия Федеративтік Республикасы бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға төленетін 2500 еуро көлеміндегі өтемақыны тағайындау туралы шешімін қабылдады. Соның негізінде 2016−2017 жж. ҚР Президентінің Архиві табылған 17 қазақстандық бұрынғы әскери тұтқынға төленетін өтемақыны алуға байланысты құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетті. Нәтижесінде құжаттарды жіберген Астана, Тараз, Шымкент қалаларының, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының ардагерлері өтемақыны алды. 2016 ж. сәуірінен бастап Архив Қазақстандағы ХХ ғ. ашаршылық тақырыбына арналған «1930–1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық» ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба барысында asharshykyk.kz сайты іске қосылып, қазіргі уақытта аталған сайттағы деректер базасында 2 мыңнан аса аштық құрбандарының аты-жөні енгізілген, базаны толықтыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы, осы тақырыптар төңірегінде зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген зерттеушілер мен оқырмандардың Архив қорындағы құжаттардың мазмұнымен танысуы үшін Архив қорлары бойынша Жөнсілтер, Архивтің жеке тектік қорлары бойынша Анықтамалық дайындалған. Олардың бәрі қазір ҚР Президенті Архивінің сайтына орналастырылған және зертеушілер үшін қашықтан қолжетімді. Сонымен қатар зерттеушілер үшін Архив қорларымен жұмыс істеуді қолайлы ету мақсатында тақырыптық деректер базасы, каталог, аса құнды құжаттар тізімі де бар. Қорлар мен тізімдемелердің тізімі «Электрондық архив» ақпараттық жүйесінде орналастырылған.