23.06.2021

ТМД елдері жас архившілерінің IV жазғы мектебі (3-күн)

2021 жылдың 23 маусымында ТМД елдері жас архившілерінің IV жазғы мектебінің соңғы күні өтті.
Жазғы мектептің үшінші, қорытынды күні тыңдаушыларға Оңтүстік Корея Ұлттық архивінің қызметкері Ким Дже Пинг «Кореяның даму стратегиясы мен құжат айналымы жүйесіндегі электрондық жазбаларды басқару», Беларусь құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры, т.ғ.к. А. Рыбаков «Беларусь Республикасында құжаттану мен архивті басқарудың ақпараттық жүйелерін әзірлеу және қолданысқа енгізу: архившілер мен IT-мамандардың өзара іс-қимыл мәселелері» тақырыбында дәріс оқыды.
Сонымен қатар, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Б. Жұматаева «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің ақпараттық-іздестіру жүйесі және электрондық құжаттардың сақталуын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында, ал Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары А. Мұстафина «Цифрлық әлемдегі архивтердің болашағы» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс арасында ресейлік және беларустік әріптестер өз елдеріндегі архив қызметі туралы презентациялар ұсынды. Нақты айтқанда, Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві, Гомель облысының қоғамдық бірлестіктерінің мемлекеттік архиві мен Ресей мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттамасының архиві. Жазғы мектептің ұйымдастырушыларының атынан әріптестерімізге берілген ақпарат үшін алғыс айтамыз.
Іс-шараға Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің архив саласы мекемелерінен 276 маман қатысты. Тыңдаушылар іс-шараны ұйымдастырушы мекемелердің басшылары: Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры А. Безбородов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж. Түймебаев пен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Д. Әбдіқадырова қол қойған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің жас архившілерінің IV Жазғы мектебіне қатысушы сертификаттарына ие болады.