13.10.2021

БӘЙДІБЕК АХМЕТҰЛЫ ТӨЛЕПБАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

2021 жылғы 14 қазанда сағ. 10. 30-да ҚР Президентінің Архиві Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп партия және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА, РҒА академигі Бәйдібек (Байдабек) Ахметұлы Төлепбаевтың 100 жылдығына орай дөңгелек үстел мәжілісін өткізеді.
Мерейтойлық іс-шараға қатысушылар Бәйдібек Ахметұлының Архивке мемлекеттік сақтауға алынған жеке қорынан алынған құжатты көрменің экспонаттарымен таныстырылатын болады. Ұсынылған материалдардың арасында Б.А. Төлепбаевтың өмірі мен қызметінің негізгі қырларын айғақтайтын құжаттар бар.
Бәйдібек (Байдабек) Ахметұлы Төлепбаев 1921 ж. 10 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданының (қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы) Төрткүл ауылында дүниеге келді.
1939 ж. Ташкент қ. Қазақ педагогикалық училищесін бітірген соң Шымкент облысы, Шаян ауданына қарасты Орлов орталау мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1939 ж. Кеңес әскері қатарына шақырылып, Украинаның Гасин, Самбур қалаларында 189 атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері ретінде Отан алдындағы борышын өтеді. 1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. 1946–1947 жж. Ташкент өнеркәсіп училищесінде оқытушы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1947–1949 жж. – Өзбекстан КП ОК жанындағы екі жылдық партия мектебін, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтын экстерн бітірген соң 1949–1960 жж. Өзбекстан КП ОК партия, кәсіподақ және комсомол органдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары 1960–1973 жж. дейін КОКП ОК партиялық ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды. Ол 1969–1972 жж. – КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аға оқытушысы ретінде партиялық жұмысты ғылыми қызметпен тығыз ұштастырды.

1974–1976 жж. – Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол 1976–1984 жж. – Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті, 1977–1991 жж. ҚазКСР-і «Білім» қоғамының төрағасы ретінде қоғамдық жұмыспен қызу айналысты. 1978–1986 жж. – Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі; 1985–1991 жж. – КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының филиалы – Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының директоры; 1991–1994 жж. – Қазақстан ҒА төралқасының кеңесшісі; 1994 ж. бастап өмірінің соңына дейін ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері міндеттерін атқарды.
Б.А. Төлепбаев тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі (1975), КСРО ҒА мүше-корреспонденті (1983), Ресей ҒА академигі ретінде Қазақстанның ғылыми ортасында абыройлы тұлғалардың бірі еді.
Б.А. Төлепбаевтың ел алдында атқарған қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Құрмет белгісі» (1957), Ленин (1981), Еңбек Қызыл Ту (1976), Ұлы Отан соғысының 1 және 2 дәрежелі, «Парасат» (2006) ордендерімен, Өзбек КСР-і, РКФСР Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бәйдібек Ахметұлы – ҚазКСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағының иегері.
Мерейтойлық іс-шараға Б.А. Төлепбаевтың әріптестері, шәкірттері, туыстары, шақырылды.

Өткізілетін форматы – zoom-конференция (онлайн)
Анықтама телефондары:
+7 727 264-26-75, 87014382157