26.08.2021
Қазақстанның әлемдік экологияға қосқан тарихи үлесі
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ағымдағы жылдың 26 тамыз күні Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығының 30 жылдығына орай «Қазақстанның әлемдік экологияға қосқан тарихи үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылып, бейнеконференция байланысы арқылы Нұр-Сұлтан, Семей, Курчатов және Алматы қалаларынан қатысушылар қосылды.
Іс-шараға мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, ғалымдар, ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары қатысты.
Шараны ашу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Семей ядролық сынақ полигонын жабуда, жалпы ядролық қарусыздану мәселесіндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлін ерекше көрсеткенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Семей ядролық сынақ полигонына қатысты құжаттар, Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесі туралы материалдар сақталуда.
1949 ж. 29 тамызда бұрынғы Семей облысының аумағында қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Ал 1951 ж. уран бомбасы, 1953 ж. сутек бомбасы сыналды. Полигон Семей облысымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Семей ядролық сынақ полигонында 1961–1962 жж. әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды. 1963 ж. бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады. 1963–1988 жж. жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды.
Семей ядролық сынақ полигонының орталығы Курчатов қаласында орналасты. Аса құпия жер болғандықтан оның аты жиі өзгеріп отырған. 1974 ж. «Курчатов» болып өзгертілді, онда И.В. Курчатов, Ю.Б. Харитон, К.И. Щелкин, Я.Б. Зельдович, А.Ф. Иоффе, А.Д. Сахаров және т.б. ғалымдар жұмыс жасады. Қазір Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы орналасқан. Орталықта атом энергетикасын дамыту бағдарламасын қолдаудағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жасауда. Бұл жұмыстар туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Радияциялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Айдарханов Асан Оралханұлы өз баяндамасында айтып өтті.
1989 ж. ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында құрылған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. 1989 ж. қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады.
«Невада-Семей» халықаралық қозғалысының төрағасы О.О. Сүлейменовтың атынан аталған қозғалыстың ардагері, ұзақ жылдар ғылыми хатшысы болған Людмила Прус сөз сөйледі. Осы бір мерейтой қарсаңында Олжас Сүлейменов Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде өтіп жатқан мерейтойлық шараларға белсене қатысып, ғалымдармен, экологтар, қоғам қайраткерлері және жастармен кездесулерде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың өзекті мәселелері туралы сұхбаттасып жүргенін жеткізді.
Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 ж. 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы негіз болды: «Қазақ КСР-інің территориясындағы Семей обылысында 1949 ж. бері ядролық қару сынау жүзеге асырылып келеді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді.
ҚазКСР КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін:
1. Семей ядролық сынақ полигоны жабылсын.
2. ҚазССР Министрлер Кабинеті КСРО Қорғаныс министрлігі мен, КСРО Атом энергетикасы және атом өнеркәсібі министірлігімен келісе отырып, Семей сынақ полигонын одақтық республикалық ғылыми-зеттеу орталығы етіп қайта құрсын. 1991 ж. оның статусын және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының тізбесін әзірлеп бекітсін».
1995 ж. сәуірінде Қазақстаннан соңғы ядролық ракета шығарылып, соңғы ядролық қуат жойылды.
Радияциялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Молдағалиев Семей полигоны жабылғаннан кейін оңың салдарын, оның ішінде медициналық салдарын жою мақсатында 1992 ж. 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» N 1787-ХІІ Заңы қабылданғанын атап өтті. Аталған Заңды жүзеге асыру аясында тұрғылықты халыққа консультативті-диагностикалық, стационарлық түрде арнайы медициналық көмек көрсетіледі.
Дөнгелек үстел қатысушысы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру ортылығының Ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қадырова архив қорларында жинақталған Семей ядролық полигоны бойынша тақырыптық топтамалар туралы айтып берді. Архив құжаттары көптеген мақалалар мен деректі фильмдердің негізіне айналғанына назар аударды.
2011 ж. ҚР Президенті Архиві Семей ядролық сынақ полигонының тарихына қатысты архивтік құжаттар негізінде «Казахстан за безъядерный мир» атты құжаттар жинағын жарыққа шығарған.
Шара барысында архив құжаттары негізінде дайындалған «Қазақстанның әлемдік экологияға қосқан тарихи үлесі» тарихи-құжаттық көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Архивте сақтаудағы Семей полигонына қатысты құжаттар мен фотосуреттер қойылды.
Көрменің электрондық нұсқасымен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің сайтында танысуға болады.