30.06.2022

Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 30 жыл

Қазақстанның дипломатиялық қызметі күніне орай 30 маусым күні Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бірлесіп ұйымдастарған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 30 жыл» тақырыбындағы архивтік көрмесінің ресми ашылуы болып өтті. Аталмыш көрменің мақсаты – Қазақстанның дипломатиялық қызметінің атқарған істері мен шет елдермен қарым-қатынастарындағы негізгі кезеңдерін келушілерге таныстыру. Көрмеге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен құрылуына қатысты бірегей архивтік құжаттардың көшірмелері қойылды.
Қазақстанда 2 шілде күні Дипломатиялық қызмет күні болып дәстүрлі түрде атап өтіледі. 1992 жылдың дәл осы күні «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «Қазақстан Республикасы Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту жөніндегі Жарлығы шықты. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, оның негізіне тепе-теңдік және көпвекторлық қағидаттары жатқызылды.

Көрменің ашылу салтанатына Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Ю. Василенко, ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б.О. Жәкенов, Палестинаның Қазақстандағы Елшісі Монтасер Абу Зейд қатысып, арнайы құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина өз сөзінде, Қазақстанның дипломатиялық қызметі 30 жылдық даму тарихында елімізбен бірге бірнеше тарихи кезеңінен өтті. Бүгінгі таңда сыртқы істер саясатындағы жауапты әрі тұрақты саяси жүйенің қалыптасуы нәтижесінде әлем елдері Қазақстанды үлгі аларлық мемлекет деп таниды. Елімізге бейбітшіл, ашық ел ретінде үлкен құрметпен қарап, халықаралық қатынастарда сенімді әрі жауапты серіктес деп бағалайды. Көрме барысында Президент Архивінің ұсынуымен Қазақстанның дипломатиялық қызметінің тарихына қатысты сақталған бірегей архивтік құжаттардың көшірмелермен танысуға болады, деп тоқталды.
Көрмеге Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпустың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.