29.09.2022

Архивті жинақтау көздерімен кеңес

2022 жылғы 29 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жинақтау көздері болып табылатын мекемелердің басшыларымен және қызметкерлерімен кеңес өтті. Іс-шара құжаттама жасау мен архив ісін жетілдіру, заманауи архивтік технологияларды және электрондық архивті енгізу мәселелеріне арналды. Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Н.Т. Төлеев, ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Қ. Борашев қатысты. ҚР Президенті Архиві қызметінің жетекші бағыттарының бірі архивтану мен құжаттану саласындағы ғылыми-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру бойынша архивті толықтыру көздерімен – ведомстволық архивтермен және құжаттамалық мекемелер қызметтерімен ынтымақтастық жасау болып табылады. Жиында мемлекеттік ведомстволардың құжаттармен жұмыс жасауда орындаушылық тәртіпке тікелей байланысты негізгі міндеттері талқыланды, оның ішінде іс жүргізу қызметтері мен құжаттардың, фото-видео құжаттардың Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне мемлекеттік сақтауға тапсырудың талаптары туралы сөз қозғалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Н.Т. Төлеев өз сөзінде мемлекеттік ведомстволардың жұмысын жаңғырту, олардың тиімділігі көбінесе құжаттармен жұмыстағы орындаушылық тәртіпке, құжат айналымы мен есептілікті қысқартуға, процестерді цифрландыруға, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға байланысты. Осы тұрғыда архив ісі мен басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің ажырамас байланысын ескере отырып, архив құрылымдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Электрондық тасығыштарға көшу жағдайында біздің алдымызда ұлттық архив игілігін сақтау міндеті тұр деп атап өтті. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 21 қыркүйекте Қазақстан халқына Үндеуінде басқарудың барлық жүйесінде түбегейлі өзгерту жүзеге асырылады деп айтқанындай біздің алдымызға қойылған міндеттердің маңыздылығын тағы да сөзге тиек ете отырып, архив саласы осы үрдістерден қалып қоймай, уақыт талабына сай қадам басып, Президент жариялаған бастамаларды іске асыруға өз үлесін қосуы тиіс деп тоқталды. Заманауи архивтік технологияларды және электрондық архивті енгізу туралы кеңестің мәселелері алдағы қазан айының 19-21 аралығында Алматыда өтетін Халықаралық архившілер Конгресінде жалғасын табады. Конгресс Халықаралық архивтер Кеңесінің қолдауымен ұйымдастырылды, оның жұмысына 14 елден келген тәжірибелі архившілер мен сарапшылар, ғалымдар қатысады деп күтілуде.