12.04.2021

Архивте өндірістік оқу өтті

2021 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Кітапханалық қор» деректер базасын пайдалану туралы онлайн (zoom арқылы) өндірістік оқу өткізілді. Өндірістік оқуда Ақпаратты-әдістемелік жұмыс басқармасының басшысы Н.Т. Исаева Архивтің ғылыми анықтамалық аппараты туралы жалпы мәлімет берді. Қоғамды сенімді ретроспективті ақпаратпен қамтамасыз ету - қазіргі кезеңдегі архив мекемелірінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ғылыми анықтамалық аппарат – құжаттармен құжаттық ақпараттарды іздестіруге арналып архив анықтамалығы, деректер базалары түрінде ұсынылған құжаттардың жүйеленген сипаттамалық элементтер жиынтығы. Ғылыми анықтамалық аппараттың негізгі элементтері архивтік тізімдеме, архивтік анықтамалықтар, каталогтар, қорларға шолу және деректер базалары болып табылады. Қазіргі таңда қажетті құжатты, кітап басылымын немесе әдістемелік құралды іздеу уақытын айтарлықтай қысқартатын басқарма жұмысы барысында төрт ақпаратты-іздестіру деректер базасы құрылды: «Электрондық каталог (Тәуелсіздік кезең)», «Жоғарғы билік органдарының директивалық шешімдері», «Кітапхана қоры», «Ақпаратты-анықтамалық қор».

Бүгінгі өндірістік оқуда Ақпаратты-әдістемелік жұмыс басқармасының бас сарапшысы Ә.Н. Бақтыбаева «Кітапханалық қор» деректер базасы бойынша шолу жасады. Онда деректер базасының құрамы, толықтырылуы және пайдаланылуы туралы толық ақпарат берді. Өндірістік оқудың мақсаты - қызметкерлер арасында тәжірибе алмасу арқылы Архивтің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін жақсарту және оңтайландыру. Өндірістік оқуға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері қатысты.