11.05.2022

Архив жеке текті жаңа құжаттармен толықты

2022 жылғы 11 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің жеке қорларының жинағы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің (1910-1999) құжаттарымен толықты. Құжаттарды белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Қозыбаев Ілияс Манашұлы және философия ғылымдарының докторы, М.Ә.Сужиковтың келіні Дабжанова Жауһар Балабекқызы тапсырды.
Сужиков Мұхамедғали Әленұлы – кеңестік партия және мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы (1951-1954); Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (1954-1958); Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (1958-1960); Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Кеңестік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары (1960-1963); Мәдениет қызметкерлері кәсіподағының республикалық комитетінің төрағасы (1963-1965); Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы (1965-1967); Қазақ КСР Мемлекеттік полиграфия комитетінің төрағасы (1967-1971). Қызыл Ту Еңбек Орденімен, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. «За новый мощный подъем сельского хозяйства Казахстана» (1959, авторлық), «Полвека в пути» (1969, авторлық) кітаптарының авторы.

Сужиковтар отбасы архивінен Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырылған құжаттардың ішінде өмірбаяндық құжаттар мен қызметтік және қоғамдық қызметтің құжаттары: фотосуреттер, күнделіктер, қызметтік куәліктер, депутаттық билеттер, грамоталар, өтініштер, хаттар, анықтамалармен қатар Сужиковты еске алу және өмір жолына арналған мақалалары бар газет-журналдардан үзінділері сақтаулы.
Сужиков Мұхамедғали Әленұлының жеке құжаттары Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихи оқиғаларын жан-жақты зерттеуге дерек көзі ретінде ғылыми және тарихи құндылыққа ие.
1998 жылдан бастап Архив жеке текті құжаттарды жинақтаумен айналысады, 10 мыңға жуық сақтау бірлігі мемлекеттік сақтауда. Жеке тектік қорларының құжаттары жылдан жылға зерттеушілер үшін де, архившілер үшін де сұранысқа ие болып келеді. Көбінесе бұл құжаттар тарихи- құжаттық көрмелерді ұйымдастыруда, конференциялар мен дөңгелек үстелдерде баяндамаларды дайындауда, мақалалар мен жинақтарды шығаруда қолданылады.