23.09.2022

Құжаттарды игеру және архивтік сақатау жөніндегі семинар

2022 жылғы 20 қыркүйекте «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінде құжаттармен іс жүргізу және архивтік сақтау мәселелері бойынша семинар өтті. Іс-шараны «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінің кадрлық жұмыс және құжаттамалық қамтамасыз ету департамент директорының орынбасары Төлепбергенова Айгүл Байқуанышқызы ашты. Ол өз сөзінде нормативтік талаптарға сәйкес іс жүргізу және құжаттарды архивтік сақтауды ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл семинар ҚР Президент Архиві мен «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінің 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті.

Семинар жұмысына «AMANAT» қоғамдық бірлестігінің іс жүргізуге және құжаттардың архивтік сақталуына жауапты қызметкерлері қатысты. Семинарды Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Астана қаласындағы архив қорын қалыптастыру қызметінің сарапшылары А.А. Ермағанбетова, Г.Ө. Құдайбергенова мен Б.Т. Сапаралы өткізді. Ұйымдастырушылар қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, Президент Архивінің толықтыру көздері болып табылатын мекемелерден құжаттарды қабылдау-тапсыру тәртібі мен жұмыс тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, құжаттандыру және архивтік ісі бойынша нормативтік-құқықтық база, істер номенклатурасын дайындау, құжаттарды ведомстволық архивке тапсыру тәртібі, құжаттарды ведомстволық архивтен мемлекеттік сақтауға беру, құжаттардың құндылығына сараптама жасау мәселелері қаралды.