06.03.2023

Құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесері

2023 жылғы 6 наурызда ҚР Президентінің Архиві мен репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бірлесіп «ГУЛАГ және Каспий маңы аймағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында «Арыс» қорының демеуімен 2022 жылы басылып шыққан Қазақстанның Каспий маңы аймағындағы ГУЛАГ жүйесіне кірген еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихына бағытталған «Лагерная система в Прикаспийском регионе Казахстана (1932-1953 гг.)» атты құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесері өтті. Осы басылып шыққан жинақ негізінде Каспий аймағындағы ГУЛАГ жүйесіне енген Прорва (Астархан) еңбекпен түзету лагерлерінің тарихын, атқарған қызметтерін, онда ұсталған тұтқындардың қилы тағдырын, атап айтқанда ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы тоталитарлық жүйенің адамзат тарихындағы қасіретін зерделеу қолға алынған.


Жинақтың құрастырушының бірі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің т.ғ.д. У.Т. Ахметова «Қазақстандағы ГУЛАГ жүйесі және Прорва (Астрахан) еңбекпен түзеу лагерінің тарихы» тақырыбында тоқталып, зерттеу жұмыстарын жүргізудегі мәселелері мен жетістіктері туралы айтып, алдағы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Бұл жинақтың өзге жинақтан өзгешелігі – ондағы материалдардың осы бағытта басылып шығып жатқан басылымдарға ұқсастығына жіті тоқталған ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Х.М. Әбжанов, жазықсыз жаланың құрбандары болғандарды жазалау қалай жүзеге асқанын жинақ негізіндегі материалдарға сүйене отырып талдап, баяндап берді.
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. М.Қ. Қойгелдиев өзіндік пікрін айтып, жинаққа енген құжаттардың тектік дәлелдері мен толықтыру көздерінің қаншалықты зерделеуден өткеніне сауалдар қойып, үлкен жұмыстың атқарылғанына оң бағасын берді.