21.04.2022

«Қуатты Армия – Қуатты Қазақстан» тарихи-құжаттық көрмесі

2022 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ҚР Президентінің Архиві мен ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі бірлесіп ұйымдастырған Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуының 30 жылдығына орай «Қуатты Армия – Қуатты Қазақстан» тарихи-құжаттық көрмесінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.
Көрмеде 1992 жылғы 7 мамырдағы ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қазіргі күнге дейінгі құрылымдық жаңғыру жолындағы жетістіктерін сипаттайтын құжаттар мен жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның ашылуында ҚР Қорғаныс Министрінің орынбасары Камалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлы көрмеде Қазақстан Армиясының құрылу тарихына, оның түрлері мен қызметтерінің, бітімгершілік шаралардан алған тәжірибелерінің экспонаттық материалдары ұсынылғанын атап өтті. Сонымен қатар, көрме аясында отандық әскери техника түрлерімен де танысуға болатынын тілге тиек етті.

ҚР Президенті Архивінің директоры Мұстафина Әлия Құсайынқызы еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қорғап отырған Отан қорғаушыларды мерейтоймен құттықтады. Өз сөзінде Архив директоры ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейімен бірлесе дайындаған «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері. 1991-2001» құжаттар мен материалдар жинағына, оның құрамына енген Қарулы Күштердің құрылуы, даму кезеңдеріне қатысты архивтік құжаттардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Аталған жинаққа қатысты ҚР Қорғаныс Министрінің кеңесішісі Төлембаева Айгүл Нұрәлиқызы кеңінен тоқталып, Қазақстанның әскери құрылысына қатысты бірегей құжаттарды топтастырып, жинақ ретінде дайындаған авторлар ұжымына алғысын білдірді.
Көрме Елорда тұрғындары мен қонақтарына Тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық сынды қасиетті құндылықтарымыздың қорғаны болып келген Қазақстан әскерінің беделді қызметін дәріптеу және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған.