01.06.2021

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: тарихы мен жады» халықаралық форум өтті

31 мамыр күні Павлодар қаласында қуғын-сүргін мен ашаршылық құрабандарын еске алу күніне орай жыл сайынғы Қоғамдық келісім ұйымдастыратын «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы шеңберінде «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі: тарихы мен жады» халықаралық форумы өтті. Іс-шара онлайн және офлайн форматтарда ұйымдастырылды.
Форумның пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ХХ ғ. саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тарихын зерделеуге қосқан үлесі: жарияланымдар, жобалар, бастамалар" атты баяндамамен ҚР Президенті Архивінің директоры Ж. Ю. Әбдікадырова сөз сөйледі, ол тәуелсіздік алғаннан кейін Архив жарияланымдық қызметке және анықтамалық-ақпараттық басылымдарды дайындауға белсене кіріскенін атап өтті. 2004–2008 жылдары Архивтің бастамасымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы архив қорының құрамдас бөлігінің құжаттарын құпиясыздандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. ХХ ғасыр тарихы бойынша жұртшылық пен зерттеушілерге бұрын қол жетімсіз болған архивтік материалдарды құпиясыздандыру зерттеушілердің еліміздің жүз жылдық тарихына деген сұранысын туғызды.
Архив қызметкерлері өз жұмыстарын форумның барлық бес секциясында жалғастырды. Форум үшін арнайы баяндамаларды А. Е. Асанбаева, М. Т. Жылгелдинов, Р. М. Мырзақұлова және Е. В. Чиликова дайындады (4 баяндама).

Сондай-ақ, Архив қызметкерлері ашаршылық проблемасы жөніндегі секция жұмысына да белсенді қатысты. ҚР Президенті Архиві даярлаған кезекті «Ашаршылық ақиқаты архив құжаттарында» атты тарихи-құжаттық көрмесі форумның ХХ ғ. 20-30 жж. ашаршылық: халық жадындағы қасірет және тарих сабақтары» атты 3-секциясы жұмысында ұсынылды. Көрмеге іріктелген құжаттар өткен ғ. 30 жж. аграрлық реформа, оның салдарынан болған ашаршылық және кеңес билігіне қарсы халық толқулары, халықтың жаппай шекаралас елдерге көшіп кетуі туралы деректерді сипаттады. 5 бөлімнен тұратын көрмеге 60 тан аса экспонат енгізілді.
Аталған секцияда ҚР Президенті Архивінің директоры орынбасары, т. ғ. д. Қ. Ш. Әлімғазинов, Қызылорда облысы Мәслихатының хатшысы, т. ғ. к. Байқадамов Н. С. т. б. ашаршылық тақырыбының зерттелу проблемалары мен халық толқулары қатысушыларын ақтау және басқа мәселелер туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ Архивтің бас сарапшысы А.А. Сейсенбаева «Ашаршылық жылдарындағы балалар» атты баяндамасын ұсынды.