Архив жаңалықтары, Баспасөз орталығы
ҚР Президенті Архивінің кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты
Кітаптардың бірқатары ХХ ғ. 20-30 жж. қасіретті жылдарды бейнелейтін «Арыс» баспасынан үстіміздегі жылы жарық көрген монографиялық басылымдар. Мұндай құнды еңбектердің барлығын Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы сыйға тартты. Атап айтқанда тарих ғылымдарының докторы, профессор Т. Омарбековтың «1929-1931 жж. халық көтерілістері», «Ашаршылық» кітаптары. Аталған еңбектерді автор бұрынғы шыққан «Зұлмат» кітабындағы мәліметтерді толықтыра зерттеп, қайта жариялап отыр. Онда 30 жж. ашаршылықтың алғышарттары, себептері, халық санының кемуі, халық көтерілістері және оны үкіметтің аяусыздықпен басып-жаншуы туралы деректер келтірілген.
Аталған апатты жылдар туралы қалам тербеп жүрген жазушы Б. Койшыбаевтың «Ұлттық апатты тану» кітабы ашаршылықпен қатар сталиндік қуғын-сүргін мәселелері туралы, 1989 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының құрылу тарихы, қызметі туралы баяндалады. Кітапқа сондай-ақ «Әділет» қоғамының қызметі нәтижесінде түзілген құжаттар, автордың БАҚ-на берген сұхбаттары, басқа да публицистикалық еңбектері кірген.
Келесі монографиялық еңбек тарих ғылымдарының докторы С. Смағұлованың «Ашаршылық қасіреті» кітабы «Ел таным» баспасынан шыққан. Онда архив деректері мен баспасөз материалдары негізінде қазақ жеріндегі Х1Х-ХХ ғғ. 20 жж. дейінгі аралықтарында болған жұттар мен ашаршылықтар, қоғамдағы саяси жағдайлар, 1921-1922 жж. аштықтың шығу себептері мен салдары, аштықпен күрес барысындағы үкіметтің жүргізген іс-шаралары мен қазақ зиялыларының, шетелдік ұйымдардың көмегі туралы ғылыми пайымдаулар берілген.
Сыйға тартылған кітаптың бірі – К. Есмағамбетовтың «Түркістандық әскери тұтқындар: Құжаттар мен материалдар жинағы» «Арыс» баспасынан үстіміздегі жылы жарық көрген Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы фашистік Германия концлагерлерінде болған түркістандық әскери тұтқындар туралы еңбегі. Тарихнамада соңғы жылдарға дейін жабық болып келген бұл тақырып үшін аталған кітаптың маңызы аса зор.
Тарих ғылымдарының докторы С. Смағұлова мен филология ғылымдарының докторы, профессор Ғ. Әнес, Т. Замзаеваның құрастыруымен Қазақстанның төңкеріске дейінгі тарихынан мағлұмат беретін 1913-1918 жж. аралығында шығып тұрған «Қазақ» газетінің 1913 ж. сандары кітап болып шығыпты. Араб әліпбиінен қазіргі жазу үлгісіне көшірілген топтамалардан қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, ішкі және сыртқы саяси жағдайы, экономикалық-әлеуметтік, мәдени, оқу-ағарту, дін мәселелері жан-жақты қамтылған.
Кітаптармен ҚР Президенті Архивінің кітапханасында танысуға болады. Кітапхана дүйсенбі-жұма күндері сағ. 9.00-17.00 дейін жұмыс істейді.