Баспасөз орталығы, Сұхбат және мақалалар
«Қазақстанға халықтарды қоныс аудару тарихынан (1939–1945 жж)» атты жинаққа естеліктерді жинау тәжірибесінен
ҚР Президентінің Архиві
(Алматы қаласы)
Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы
Ж.Т. Байқаш
2010 ж. бастап Қазақстан Републикасы Президентінің Архиві Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «1930–1955 жж. Қазақстанға қоныс аударулар тарихынан» жобасымен жұмыс істеуде. Нәтижесінде 2012 және 2014 жж. Қазақстанға әлеуметтік-этникалық қоныс аударулар тарихына қатысты 1930–1939 жж. аралығын қамтитын «Из истории депортаций» құжат жинағының екі кітабы жарияланды. Құрастырушылық ұжым жинақтарды дайындау кезінде тек қана архив қорларында сақталудағы құжаттарды іздеп, іріктеп қоймай, сонымен бірге «айтылған тарих» бағытында жұмыс істеп, ғылыми айналымға жаңа дерек көздерін, яғни, осы тақырып шеңберінде жеке азаматтардың естеліктерін енгізіп, ҚР Ұлттық архив қорын толықтыруда.
Соңғы уақытқа дейін батыстық тарихнамада қабылданған «ауызша тарих» термині «айтылған тарих» алатын ұғыммен ғылыми айналымға енді. «Айтылған тарих» дегеніміз – тарихшы мамандарының оқиға куәгерлерінен алған тарихи сұхбаты және алынған бұл материалдардың аудио-видео нұсқада архиверде тіркелуі.
«Айтылған тарих» – қазақ қоғамында күні бүгін пайда бола қойған жоқ, оның түрлі кезеңдерден жүріп өткенін атап өткен жөн. Қазақ қоғамы тарих айту дәстүріне бай халық. Бүгінде ол дыбыстық жазба құралдарын пайдалану арқылы жүргізілетін тарихи сұхбат түрінде қайта жаңғырту сәтін басынан кешіруде. Сондықтан белгілі бір уақыттық үзілістен соң ХХІ ғасырда тарих ғылымы маңызды дерек көзі ретінде «айтылған тарих» фактілеріне қайта оралды. «Айтылған тарих» әдісі бойынша тарихшылар қоғам мүшелерінен ақпарат алу (сұхбат алу, әңгімелесу) арқылы деректер жинақтайды. Айтылған тарих ғылыми-зерттеу бағыты ретінде ерекшелігі – қазіргі аудио және видеотехниканы пайдалану арқылы жүргізілген белгілі бір тақырыпқа байланысты куәгерлердің естелік-әңгімесін жазып алып, оны құжаттандырып архив қорына тапсыру болып табылады [1, 119–120 б.].
1920 ж. Қазан төңкерісі және Ресей Коммунистік партиясының тарихы бойынша материалдар жинау мен зерттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Партия тарихы) құрылады. Партия тарихы комиссияларының қызметкерлері басшыларымен бірігіп, төңкеріс оқиғаларына қатысушыларды анықтау, құжаттар мен естеліктерді жинау, оларды жариялау бойынша кең көлемде жұмыс жүргізген. 1916 ж. көтеріліс, Қазан төңкерісі, республикалардың мерейтойлары сияқты тарихи оқиғаларға орай кітапшалар және жинақтар шығарылды [2, 244−245]. Сол уақытта комиссияның төрағасы С.Сейфуллин 1927 ж. 1 наурыздағы хатында: «Уважаемый товарищ! – Истпарт Казкрайкома ВКП (б), приступая к изданию юбилейных сборников обращается к Вам с просьбой написать и выслать Ваши воспоминания как активного участника событий 1917−1921 гг.» – дейді [3, 39 б.]. Материалдарды жинақтау барысында ОК Партия тарихы комиссиясы әзірлеген әдістеме, естеліктер жөніндегі нұсқаулық басшылыққа алынған еді. Осындай нұсқаулықтардың бірі ҚР Президентінің Архивінде сақтаулы. Ол «естеліктер жазатын қызметшілерге» арналған. Құжат екі бөлімнен тұрады: 1) «Естелікті қалай жазу керек және партиялық ұйымдар тарихына қатысты қандай материалдар жинау қажет»; 2) «1917–1920 жж. кезең үшін архивтер мен газеттерден қандай материалдар іздеу керек» [4]. Естеліктерді жинауға облыстық комитеттердің Партия тарихы комиссиялары басшылық етті. Көзі тірі куәгерлерден мүмкіндігінше бұқаралық сипаттағы оқиғалар туралы айғақтар алу мәселелері қаралған.
Партия тарихы комиссиясының аз уақыт ішінде естеліктер жинау бойынша едәуір жұмыс тындырылды, құнды естеліктер қоры құрылды. Жиналған құжаттар қоры ҚР Кеңес өкіметінің қалыптасу тарихы бойынша естеліктер, очерктер, құжаттар жинақтарын жариялауға мүмкіндік берді.
1931 ж. республикада Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанынан Марксизм-ленинизм институты (бұдан әрі − Институт) құрылды. 1934 ж. Институт, партия тарихы және БКП (б) Бірыңғай партиялық архив филиалының базасында БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті бөлімінің құқығында Қазақстан Маркс-Энгельс-Ленин институты құрылды. Аталған институт партия тарихы жағынан құжат топтамаларының заңды мұрагеріне айналды.
Кейін «айтылған тарихты» жинау жұмыстары тоқтатылды. Партия архиві секторы партия және комсомол ұйымдарының, саяси бөлімдердің құжаттарын жинап, сақтады, өңдеді; сұраныс хаттар бойынша анықтамалар ұсынды, зерттеушілердің дереккөздерге қолжетімділігін ұйымдастырды.
Қызмет еткен жылдары Институт бірнеше мәрте қайта құрылды, соның салдарынан оның атауы мен бағыныштылығы да өзгерді. 1994 ж. Кеңес Одағы Коммунистік партиясы архиві қорының бөлігі ҚР Президенті Архивінің құрамына енді [5, 63–64 б.].
ҚР Президенті Архиві өз қызметін бастаған уақыттан партия тарихының «айтылған тарих» тәсілі бойынша материалдар жинау дәстүріне қайта оралды. Жаңа технологиялар пайда болуымен сәйкес келді. Бұл жұмыс ҚР Президенті Архиві шығарған бірнеше құжаттар мен материалдар жинақтарында көрініс тапты. Архив қорларында сақтаудағы құжаттардың негізінде 1997 ж. «Қаһарлы 1916 жыл:– Грозный 1916-й год» құжаттар мен материалдар жинағының екінші томы жарыққа шықты [6]. Бұл басылымға 1916 ж. көтерілісі туралы 1920−1930 жж. жазылған қозғалысқа қатысушылардың және куәгерлердің 47 естеліктері енгізілген. Естеліктердің басым бөлігі алғаш рет жарияланған. Бұл деректер көтерілістің барысын, Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайы, көтерілістің алдында Ресей империясының отарлау саясатының күшеюі, салықтардың өсуі, жерлердің алынуы, әлеуметтік теңсіздікті және т. б. мәселелерді баяндайды.
КСРО-да саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болғандардың және олардың ұрпақтарының естеліктерінен құрастырылған 2002 ж. «Страницы трагических судеб: Сборник воспоминаний жертв политических репрессий в СССР в 1920–1950-е гг.» жинағы жарияланды [7]. Бұл естеліктер өткен ғасырдың жаппай қуғын-сүргін террорының механизмін көрсететін адамдар тағдырын, ХХ ғ. бірінші жартысындағы қазақстандықтардың күнделікті өмірлері мен тұрмысы туралы сыр шертетін деректер болып табылады.
ҚР Президенті Архиві 2009 ж. «Казахстан – Украина: дороги и перекрестки. 1917 – 2008 гг.» естеліктер мен құжаттар жинағын жарыққа шығарды [8]. Жинаққа ХІХ ғ. аяғы және ХХІ ғ. басындағы Қазақстан мен Украинаның тұрғындарының күнделікті өмірлеріне қалай саяси оқиғалардың әсер еткендері туралы естеліктер, өмірбаяндар және т. б. құжаттар енгізілген.
Оқырмандардың назарына 2015 ж. ҚР Президентінің Архиві «Архивисты и архивы Казахстана ХХ и ХХІ вв. Сборник документов и материалов» атты басылым ұсынды [9]. Бұл басылымда архив саласы мамандарының естеліктері, өмірбаяндары, сұхбаттары, мақалалары енгізілді, яғни, жарияланған материалдардың басым көпшілігі архивші мамандағының таңдауы, осы салада жұмыс жасағаны туралы баяндалады.
«Айтылған тарихтың» бір міндеті жаңа заман тарихының «ақтаңдақ» беттерінен дерек беру. Бұл «ақтаңдақ» беттерінің бірі кеңес заманында тоталитарлы мемлекеттің қуғын-сүргін саясатының бір көрінісі болған депортация тарихы жатады. Осы тақырып бойынша мемлекеттік архивтердің қоймаларында сақтаудағы құжаттар көбінесе біртипті болғандықтан құрастырушылық ұжым аталған жобаны қамтитын «Из истории депортаций» құжат жинағының екінші және үшінші кітаптарына архивтік құжаттармен қатар жинаққа депортацияға ұшыраған халық өкілдерінен естеліктерін де арнайы тарауға енгізуді жоспарлады. Өйткені архив қорларындағы архив құжаттарында депортацияға ұшырағандардың өмір сүру жағдайлары, күштеп қоныс аударған жерлерде тіршіліктерін қамтамасыз ету жүйелері, күнделікті өмірлері, тұрмысы, отбасыларының тағдырлары, олардың ойлары, сезімдері және т.б. мәселелері аз қамтылып көрсетілген. Бұл деректерді оқиға куәгерлері мен қатысушыларының естеліктері арқылы алуға болатындықтан жоба шеңберінде естелік беретін адамдарды іздеу жұмыстары басталды.
2014 ж. жарыққа шыққан 1935−1939 жж. қамтитын «Из истории депортаций» құжат жинағының екінші кітабында әлеуметтік-этникалық және этникалық жер аударулар, соның ішінде батыс шекаралардан 1936 ж. поляк және неміс шаруашылықтарының Украинадан қоныс аударуы, 1936−1937 жж. оңтүстік шекаралардан қоныс аударған күрт, армян, түріктерді, 1937 ж. шығыс шекаралардан кәрістердің, 1938 ж. ирандықтарды қабылдау және олардың Қазақстанда орналастырылуы және т. б. мәселелер туралы баяндайтын құжаттармен қатар, жер аударуды бастан кешіргендердің естеліктері енгізілген. Естеліктер бөлімінде поляк, күрт, армян, иран, кәріс ұлт өкілдерінің естеліктері кіргізілді. Жарияланған естеліктердің жалпы саны сегіз, бұл тарауға естелік берушілері немесе ұрпақтары табылмағандықтан финн, 1936 ж. Украинадан қоныс аударған неміс, 1937 ж. оңтүстік шекарадан қоныс аударған түрік ұлттарының естеліктері енгізілмеді [10, 646−667 б.].
Қазіргі таңда құрастырушылық ұжым жобаның 1939–1945 жж. аралығын қамтитын үшінші кітабымен жұмысын аяқтады.
Жинақты дайындау барысында 2015−2016 жж. құрастырушылық ұжым жоспарланған басылымның үшінші томы бойынша Атырау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және т. б. мемлекеттік архивтерде құжаттарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 1939−1945 жж. Қазақстанға қоныс аударған Польша азаматтары ретінде еврейлердің, поляк, неміс, финн, грек, қалмық, қарашай, шешен, ингуш, балқар, қырым татарлары, түрік, армян және т. б. ұлт өкілдерін қабылдау және олардың Қазақстанда орналастырылуы және т. б. мәселелер туралы баяндайтын құжаттар енгізілді.
Құрастырушы ұжым жобаның екінші кітабының дәстүрін сақтай отырып, архивтік құжаттармен қатар жинақтың бір тарауын депортацияға ұшыраған халық өкілдерінің естеліктеріне арнады. Сол себепті 2016 ж. 3 маусымында және 2017 ж. 19 мамырында ҚР Президентінің Архивінде Мәдени-ұлттық орталықталықтарымен Ведомстволық архивті ұйымдастыру және құжаттарды сақтау тәртібін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кезекті семинарларға Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге архив құжаттарының негізінде Қазақстанға әлеуметтік-этникалық және этникалық қоныс аударудың тарихына арналған 1930−1939 жж. қамтитын «Из истории депортаций» атты 2 томдық құжат жинағы шығарылғаны жөнінде және ендігі кезекте 1940−1945 жж. арналған 3 томымен жұмыс істеп отырғаны туралы айтып өтті. Осы кітаптың бір тарауы депортацияға ұшыраған халық өкілдерінің естеліктеріне арналғандықтан 1930−1950 жж. Қазақстанға қоныс аударылған халықтардың өкілдерінен естеліктер жинау туралы ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс ҚР Президенті Архивінің сайтына және әлеуметтік желілерде хабарландыру нысанында да жарияланды. Жоғарыда атап өткен, кездесудің нәтижесінде мысал ретінде Архивтің ұсынысын грек ұлтының өкілі Нина Георгийқызы Сопилиди қабылдап, ол 2016 ж. 7 маусымында Архивке естелік пен жанұялық архивінен фотосуреттерді тапсыру үшін келді. Оның туысқандарын 1942 ж. Солтүстік-Қазақстан облысына қоныс аударған болатын. Бұдан басқа дайындалып отырған кітапқа литов, поляк, бессараб, молдован, еврей, итальян, неміс, финн, балқар, қарашай, қалмық, шешен, ингуш, түрік-месхитин, күрт, болгар, итальян, қырым татар ұлттарының естеліктері жазып алынып, ғылыми айналымға енгізілуде. Негізінен естеліктер қоныс аударған халықтардың өмірі куәгерлердің көрсетуі негізінде және олардың өмірі ұрпақтарынан жазып алынды. Жазып алынған естеліктердің саны 18. Олардың екеуі, яғни, молдован ұлт өкілі туралы Е. Левицкаяның «Посвящается моей бабушке Стояновой Валентине» [11, 118–126 б.], қарашай А. Борлаковтың «Карачаевцы и балкарцы – народ трудолюбивый» [12, 11–12 б.] ұлттарының өкілдері табылмағандықтан ерте жарияланған деректерден алынды. Сонымен қатар, естеліктер тарауына Гданськ қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғысы музейінің қорында сақталудағы 2012 ж. 20 қарашасында жазып алынған поляк Б. Салега–Сташецкидің «Львов – Майбулак – Персия» атты естелігі де енгізілді.
Жинақты дайындау барысында архивтік эвристиканың нәтижесінде кейбір ұлттарға табылмаған құжаттардың орнын толтырғандай құрастырушылық ұжым итальян, күрт ұлттарының өкілдерін тауып, естеліктерін жазып алды. Бұл итальян Г.Е. Сколяриноның «Керчь – Казахстан – Керчь», күрт ұлтының өкілі А.З. Алиевтің «Қай жерде бірлік – сол жерде тірлік» естеліктері болып табылады.
Естеліктерден құрастырылған тарау жобаның үшінші кітабының хронологиялық шеңберін сақтамай, яғни 1939−1945 жж. ғана қамтымай, одан ерте қоныс аударған ұлт өкілдерінің естеліктері де жазып алынды. Мәселен, жобаның екінші кітабын құрастырғанда табылмаған финн ұлтының өкілі, «Суоми» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы А.Б. Смирновтан 2017 ж. наурызында ҚР Президенті Архивінің қызметкері естелік жазып алды. А.Б. Смирновтың ХХ ғ. 30-шы жылдарында оның туысқандары Қазақстанға Ленинград облысындағы Ингерманландиядан қоныс аударылды. Олар 1935–1953 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Пахта-Арал (қазіргі Мақтаарал) ауданында арнайы қоныс аудару орындарында тұрды. Кездесу барысында естелік беруші Александр Борисұлы жақындары туралы естеліктерімен бөлісіп, олардың Қазақстандағы өмірі және Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласына көшуі туралы айтып берді: «Қоныс аудару кезінде өте қиын болды, 50 шақты вагон болды. Вагондардың ішінде үш деңгейлі сәкі орналасты. Пахта-Арал ауданының Сырдария станциясына келдік. Егін шаруашылығын жақсы білгендіктен, аз уақытта жерсіндік. Бастапқыда мақталы жерлерде еңбек еттік, кейінірек қарбызбен қауын ектік» деп ағам Иван Леппенен еске алушы еді».
Естеліктерді іздеу экспедициясы барысында кейбір ұлт өкілдері территориялық алшақтықта болғандықтан құрастырушылық ұжым заманауи технологияларды қолданды. Мәселен, жазып алған естеліктің мәтінін естелік берушімен тексеру үшін скайп, электронды пошта және т. б. құралдар қолданылды. Мысалы, 2017 ж. аяғында Атырау қаласының тұрғыны Қазақстанға Қырым түбегінен депортацияға ұшыраған болгар ұлтының өкілі И.Г. Чебышевпен естелік мәтіні телефонмен тексерілді.
Естеліктерді жинау барысында респонденттердің сөздері көбінесе диктофонға жазып алынды, естелік берушілерге алдын ала арнайы сұрақтар да дайындалды. Сонымен бірге, ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері дайындаған «Из истории народов, депортированных в Казахскую ССР (1936−1960 гг.)» жинағына құжаттарды іздеп табу жадуалының қосымшасына енгізілген Қазақ КСР-на қоныс аударған халықтары өкілінің сауалнамасы да қолданылды [13, 12 п.].
Қазіргі таңда барлық жазып алынған естеліктердің диктофондық жазбалары, қолдары бар текстік мәтіндер, электронды нұсқада фотосуреттері, құжат көшірмелері ҚР Президенті Архивінің ағымдағы архивінде сақталуда, жинақ жарыққа шыққан соң бұл жиналған материалдар міндетті түрде тұрақты сақтауға ресімделеді.
ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері естеліктерді жинау барысында естелік берушілердің жанұялық архивтерінен материалдардың электронды көшірмелерін алып отырды. Нәтижесінде бұл жинастырылған естеліктердің электронды топтамаларынан 2017 ж. мамырда ҚР Президенті Архивінің «Қазақстан Ұлы Отан соғысында: тарих тағылымы» тарихи-құжаттық көрмесінде алғаш рет Ұлы Отан соғыс жылдарында Қазақстанға қоныс аударылған халықтардың тағдырынан хабар беретін құжаттар мен фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәдени-ұлттық орталықталықтарының өкілдерімен тығыз жұмыс жасау нәтижесінде дайындалып отырған жинақтың оқырман назарына қоныс аударған жекелеген азаматтардың, олардың ұрпақтарынан алынған естеліктер қызықты, құнды болатынына сенімдеміз.
Пайданылған деректер және әдебиеттер:
1 Айтылған тарих. Оқу құралы / Жалпы редакциясын басқарған Қойгелдиев М.Қ. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС, «Дәстүр» баспасы, 2015. – 240 б.
2 Путеводитель по фондам Архива Президента Республики Казахстан: Справочно-информационное издание // Составители: Е.М. Грибанова, А.А. Сейсенбаева / Под общ. ред. профессора Б.А. Джапарова. Издание 2-е, дополненное. Алматы, 2016
3 Асанбаева А.Е. «Сакен Сейфуллин – руководитель Истпарта Казкрайкома ВКП (б)» / ҚР Президенті Архивінің Ақпаратты-әдістемелік бюллетені – 2014 − № 1 (17)– С. 37−42.
4 ҚР ПА. 811 қ. 4 т. 205 іс. 234−238 п.
5 Әлімғазинов Қ.Ш., Чиликова Е.В. «Тарихи жады кеңістігіндегі алаш қозғалысы» / Қоғам және дәуір – 2017 – №1 – 55–69 б.
6 Қаһарлы 1916 жыл: (Құжаттар мен материалдар жинағы) – Грозный 1916-й год (сб. документов и материалов). – Алматы: Қазақстан, 1998. – (Саяси-көпшілік басылым) Т. 2. – 1998 – 247 б.
7 Страницы трагических судеб: Сборник воспоминаний жертв политических репрессий в СССР в 1920–1950-е гг. / Отв. редактор Л.Д. Дегитаева. Отв. сост. Е.М. Грибанова. – Алматы: Жеті жарғы, 2002. – 448 с.
8 Казахстан – Украина: дороги и перекрестки. 1917 – 2008 гг. Сборник воспоминаний и документов. Отв. составитель Е.М. Грибанова. — Алматы: Print Express, 2009. — 320 с.+26 с. вкл.
9 Архивисты и архивы Казахстана ХХ и ХХІ вв. Сб. документов и материалов / Сост. Абдуали Р.М., Байкаш Ж.Т, Грибанова Е.М. (ответ.), Чиликова Е.В. – Алматы: Архив Президента РК, 2015. – 342 с.
10 Из истории депортаций. Казахстан 1935–1939 гг. Сборник документов. – Алматы: LEM, 2014. – 740 c.
11 Из реферата, предоставленного автором на конкурс исследовательских работ «Человек в истории. Казахстан – XX век», проводимый обществом «Әділет» в 2000 г. (АП РК. Ф.48-Н. Оп.1. Д.166). Опубликовано в Материалах «круглого стола» «Современное осмысление уроков репрессий 1930–1950-х гг. в Казахстане и проблемы защиты прав человека. – Алматы:OST–ХХІ век, 2006.
12 Минги-Тау (Алматы) – 2009 – № 1. – С.11–12.
13 АП РК. Ф.30–Н. Оп.2. Д.175. Грибанова Е.М., Зулкашева А.С. «Памятка по выявлению документов для сборника «Из истории народов, депортированных в Казахскую ССР (1936−1960 гг.)».
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумының материалдар жинағында жарияланды («Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған жобасы аясында өткен халықаралық форумның материалдары. – Ақтөбе, 2018. – 171−176 б.)